«Айыппұлдың орнына дәмді түскі ас пен мейірімділік»: павлодарлық полицейлердің әрекеті германиялық саяхатшыларды тәнті етті

«Айыппұлдың орнына дәмді түскі ас пен мейірімділік»: павлодарлық полицейлердің әрекеті германиялық саяхатшыларды тәнті етті

Павлодар облыстық патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне алғысын неміс велосаяхатшылары білдірді.
- Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері Instagram желісіндегі Германиядан келген @tallbiketommy есімді велошабандоздың видеосын байқап қалды. Ол видеода павлодарлық полицейлерге алғыс білдірген. Шетел азаматтарының ризашылық сөздерін есту біз үшін жағымды болды. Белгілі болғандай, Шарбақты-Астана автожолын патрульдеу кезінде автопатруль құрамындағы Абай Тыныбаев пен Мақсат Қожанбаев рұқсат етілмеген трассамен келе жатқан екі велосипедшіні тоқтатқан. Әңгіме барысында шетелдіктердің 1 мамырда Германиядан Қытайға аттанғанын, Гиннес рекордтар кітабына ену үшін сапар шегіп жүргенін білген полицейлер, олардың армандарына жетуге көмектесуге шешім қабылдаған, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті.

@tallbiketommy өз парақшасында былай деп жазды:
– Бізге тағы 80 шақырымдай жол жүру керек болатын. Жолдың жартысында бізді полиция қызметкерлері тоқтатты. Велосипедпен бұл жолмен жүруге болмайтынын түсіндірді. Біз бұл туралы білмегенімізді айттық. Полицейлер өте мейірімді болды, айыппұл салудың орнына түскі асқа шақырды. Ас үстінде әңгімелесіп, біз арманымыз бен жоспарларымызды айтып бердік, ал олар полициядағы қызметі жайлы баяндады. Кейінірек бізге жолға қажетті азық-түлік сатып алып беріп, Екібастұз қаласына дейін шығарып салып, әріптестеріне табыстады. Мұндай әрекет полицейлердің мейірімділігін және адамгершілігін көрсетеді.

Полицейлердің қонақжайлығы мұнымен аяқталған жоқ.
Талбикке Томмидің айтуынша, олар кешкі уақытта Екібастұз қаласына жеткенде қайда тоқтайтынын білмеген. Сол кезде полицияның аға лейтенанты Дархан Таурбаев көмекке келіп, үйіне шақырып, қонақ етті. Жұбайы дәмді кешкі ас дайындап берді. Кейін барлығы бірге аулада кәуап дайындап, әңгімелесті.

Келесі күні таңғы астан кейін Дархан оларды «Богатырь» кен орнының көрініс алаңына апарды. Ондағы сары самосвалдар, экскаваторлар мен көмір өндіруге арналған ірі техника шетелдік саяхатшыларға ерекше әсер қалдырды.

Шетелдік қонақтар полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғыстарын білдіріп, сапарын жалғастырды. Қоштасар сәтте тәртіп сақшылары оларға сәтті жол, жол ережесін қатаң сақтау және қиын жағдайда полицейлерге жүгіну қажеттігін еске салды.

– Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің назарлығы мен адамгершілігі шетелдік туристердің еліміз туралы оң пікір қалыптастыруына сеп болатынын тағы бір мәрте дәлелдейді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.