Павлодарлық полицейлер қол күресінде күш сынасты

Павлодарлық полицейлер қол күресінде күш сынасты

«Динамо» спорт кешенінде Павлодар облысы Полиция департаменті қызметкерлері арасында қол күресі бойынша іріктеу жарыстары өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында Павлодар облысы ПД арнайы және мобилизациялық дайындық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов сөз сөйлеп, қызметкерлердің жоғары физикалық дайындық пен спорттық рухты сақтау маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға облыстың барлық аумақтық бөлімшелерінен құралған 14 команда қатысты. Залда шынайы тартыс пен эмоцияға толы атмосфера орнады. Қол күресі – полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығына бағытталған ерекше спорт түрі.

Бірнеше сағат бойы көрермендер татами үстінде өткен тартысты әрі әсерлі жекпе-жектерді қызыға тамашалап, қатысушыларға қолдау білдірді. Жекпе-жектерді білікті төрешілер бағалады.

Турнир нәтижесінде бірінші орынды Ақсу қалалық полиция бөлімінің командасы иеленді, екінші орын – Павлодар қалалық полиция басқармасы аппаратының командасына бұйырды, ал үшінші орынды Екібастұз қалалық полиция басқармасының командасы жеңіп алды.

Салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз атанғандар: Құдайбергенов Медет, Баймағамбетов Данияр – Павлодар қ. ПБ, Ергабулов Алмас, Доғдорхан Еркебұлан – Ақсу қ. ПБ,Қажтай Айдын – ПД, Какен Мади – Екібастұз қ. ПБ,
Байсал Келдібек – Аққулы ауданының ПБ, Трофименко Георгий – Тереңкөл ауданының ПБ.

Барлық жүлдегерлер мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, департамент қызметкерлері тек республикалық емес, халықаралық жарыстарда да жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – олардың жоғары физикалық дайындығы мен кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі.