Абылайхан Жүнісов: «Учаскелік инспектор — жай ғана мамандық емес, бұл — өмірлік миссия»

Абылайхан Жүнісов: «Учаскелік инспектор — жай ғана мамандық емес, бұл — өмірлік миссия»

Абылайхан Жүнісов ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. 2001 жылы ол өзінің қызметін Ертіс аудандық полиция бөлімінде жедел уәкіл болып бастаған. 2006 жылы ол Железин ауданына учаскелік полиция инспекторы лауазымына ауысты. Ал 2019 жылы Павлодар қаласына Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы болып ауысып келді.

– Қызмет барысында азаматтарға күн сайын көмек көрсетеміз. Отбасылық жанжалдарды тоқтатамыз, тонау мен ұрлықтарды ашамыз, ұрланған мүлікті иелеріне қайтарамыз. Есепте тұрған адамдармен профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Жалғыз тұратын қарттарға да көңіл бөліп отырамыз. Бұл – учаскелік инспектордың жұмысы шектелетін нәрселер емес. Мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік бақылауға алынған немесе бақылауға формалды түрде жататын адамдармен жұмыс істеймін, – дейді Абылайхан Жүнісов.

Учаскелік инспекторлардың басты мақсаты – халықпен тығыз байланыста болу және әрдайым қолжетімді болу. Әр учаскелік инспектор өз әкімшілік аумағын, есепте тұрған адамдарды жақсы білуі қажет.

– Менің ойымша, әркімнің түзелуге мүмкіндігі бар. Сол себепті, біз есепте тұрғандармен тығыз жұмыс жүргіземіз. Алдымен оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеміз, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесеміз, – дейді учаскелік инспектор.

Абылайхан Жүнісов тәлімгер ретінде де жас учаскелік инспекторлармен өзінің көп жылдық тәжірибесімен қуана бөліседі. Отбасы бұл қызметтің демалыссыз болатынына үйреніп кеткен. Демалысқа шыққанда, отбасы мүшелері еліміздің басқа қалаларын аралап, туған өлкенің көрікті жерлерін тамашалайды.

Абылайхан Егінбайұлына отбасынан үлкен қолдау бар. Жұбайы Айгүл екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр, оларды әділеттілікке және спортқа баулып келеді.

– Балалар күрес, дзюдо, қазақша күрес секілді спорт үйірмелеріне қатысады. Ал өзім үстел теннисін жақсы көремін. Спорт — тәртіпке баулиды, ал тәртіп – табыстың негізі. Учаскелік инспектор болу – азаматтармен бір ауаны жұтып, олардың жағдайын түсініп, мәселелерін шешуге көмектесу, түсіндіру, сөйлесу, диалог құру. Сонда ғана халықтың сеніміне ие болуға болады. Ал халықтың қолдауы – учаскелік инспектор жұмысының басты кепілі, – деп қорытындылады ол.