Павлодар облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері бойынша брифинг өтті

Павлодар облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері бойынша брифинг өтті

– Жыл басынан бері облыс аумағында 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 529 адам зардап шекті, оның ішінде 99-ы кәмелетке толмағандар. 25 азамат қайтыс болды. Мотокөлік қатысқан 19 жол апаты тіркеліп, олардың салдарынан 1 адам көз жұмып, 16 адам жарақат алды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев.

Спикердің айтуынша, жол апаттарының көбеюіне байланысты 585 жол учаскесіне талдау жасалып, тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, 103 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Жылдамдық режимін бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында облыста күн сайын 10 «Кибер-Шериф» мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. Олардың төртеуі республикалық және халықаралық маңызға ие автожолдарда қызмет атқарады. Сонымен қатар, барлық ЕРАП планшеттерімен интеграцияланған «Оракул-С» жүйесінің 10 аппараттық кешенінде «Қорғау» бағдарламасы енгізілген.

Бұдан бөлек, республикалық маңызды автожолдарда («Павлодар-Астана», «Павлодар – Абай облысы», «Павлодар – РФ шекарасы») орнатылған «Зерек» кешендерінің көмегімен 3408 құқықбұзушылық анықталып, тоқтатылды.

– Биыл облыстың цифрлық технологиялар басқармасы «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Павлодар және Ақсу қалаларында 150 жол қиылысына, республикалық маңыздағы жолдардың 20 аса қауіпті учаскесіне және 250 сызықтық учаскеге аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнатуды жоспарлап отыр, – деді спикер.

Брифинг соңында құқық қорғау қызметкері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды:
– Бұл тек міндет қана емес, сонымен қатар өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігіне деген құрметтің белгісі. Жылдамдықты асырмаңыздар, арақашықтықты сақтаңыздар, мас күйде көлікке отырмаңыздар. Есіңізде болсын: бір қателік – өмірге қауіп төндіреді. Тәртіп, заңға және өзгелердің құқығына құрмет – әрбір азамат ұстануы тиіс өмірлік қағида.