Павлодарда заңсыз такси жүргізушісі ұсталды

Павлодарда заңсыз такси жүргізушісі ұсталды

16 маусымнан бастап Павлодар облысының аумағында көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында «Нелегал-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды.

Аталған іс-шараның алғашқы екі күні ішінде облыс полицейлері 62 құқық бұзушылықты анықтап, жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 45-і — шетел азаматтары, Қазақстанда болу ережелерін бұзғандар, ал қалған 17-сі — еліміздің азаматтары. Сондай-ақ, екі шетелдік азаматтың заңсыз такси жүргізушісі ретінде жұмыс істегені анықталды және үш шетел азаматы сот шешімімен елден шығарылды.

Мысал ретінде, Павлодар қаласында полиция қызметкерлері “Chevrolet” маркалы көлігімен такси қызметін заңсыз жүзеге асырған шетелдік азаматты ұстады. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары сотқа жолданды. Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын бұза отырып шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан жұмыс берушіге де әкімшілік іс қозғалды.

Павлодар облыстық полиция департаменті «Нелегал-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы 20 маусымға дейін жалғасатынын ескертеді және барлық азаматтарды көші-қон заңнамасын бұзбауға шақырады.