Павлодар облысында «Жолда қабылдау» акциясының бірінші күнінде 300-ге жуық адам құқықтық көмек алды

Павлодар облысында «Жолда қабылдау» акциясының бірінші күнінде 300-ге жуық адам құқықтық көмек алды

Ашықтық қағидатын нығайту мақсатында Павлодар облысының полицейлері тұрғындардың сұрақтарына тікелей эфирде жауап бере отырып, «Жолда қабылдау» республикалық акциясын өткізіп жатыр.

— Акция облыстың барлық қала-аудандарында өтуде. Оның мақсаты – халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейту. Биылғы жылдың басынан бері облыс аумағында 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 25 адам қаза тапты, ал 500-ден астам адам түрлі деңгейде жарақат алды. Сондай-ақ, жол-көлік жарақаттануының алдын алу, интернет-алаяқтықтың алдын алу, көлік құралдарын тіркеу мен есепке қою ережелеріне енгізілген өзгерістер бойынша ақпараттық парақшалар таратылды, – деді Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.

Акцияның алғашқы күнінде 300-ге жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Полицейлер мотокөлік жүргізушілеріне арналған жол ережелерін түсіндіруге ерекше назар аударды. Сонымен қатар, тікелей эфир арқылы көші-қон заңнамасы мен полицияға жұмысқа орналасу тәртібі бойынша сұрақтар қойылды. Адамдарды шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасында болу тәртібі де қызықтырды.

Мысалы, бір ауыл тұрғыны полиция қызметкерлеріне шет мемлекет азаматы болып табылатын жұбайына ықтиярхат алу мәселесімен жүгінді. Миграциялық қызмет тобы құжаттар тізімі мен рәсімдеу тәртібін толық түсіндіріп берді.

Ертіс ауданында тұрғындар мына мәселелер бойынша сұрақтар қойды: мопед жүргізуге арналған жүргізуші куәлігі қай жастан бастап беріледі? Ауыл жолдарында жасанды жол кедергілерін қалай орнатуға болады? Қаңғыбас мал мәселесін қалай шешу керек?

Әлеуметтік желілер арқылы да сұрақтар келіп түсті. Мәселен, Павлодар ауданы полиция бөлімінің Instagram парақшасына Қоряковка ауылының тұрғыны жүгініп, ауыл көшелерінде жасөспірімдердің мотоциклдерді жоғары жылдамдықпен басқаруы жөнінде шағым түсірді. Бұл өтініш бойынша полиция жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол ережелерінің өрескел бұзылуын анықтауға бағытталған рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарымен жол ережелерін қатаң сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кету керек, әрбір жазылушының өтінішіне толық әрі нақты жауап берілді. Instagram қолданушылары өз ұсыныстарын білдіріп, полицияның жұмысына алғыстарын жеткізді.

Сонымен қатар, полицейлер азаматтарға құқық бұзушылықтарды байқаса, оларды фотоға немесе видеоға түсіріп, @dp_pavlodar әлеуметтік желілердегі парақшаларына жолдауды ұсынды.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл акция азаматтарға нақты көмек көрсету мен халықпен кері байланыстың тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады. Полиция жұмысының басты басымдығы – тұрғындардан келіп түскен кез келген өтінішке, оның ішінде онлайн-режимде де дереу әрекет ету.