Ағымдағы жылдың 20 қарашасы күні ІІМ республика бойынша “Құқықтық тәртіп” кең ауқымды операциясын жариялап, қараша айының соңғы он күндігінде полиция қызметкерлері қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылған болатын. Іс-шара басталғаннан бері жалпы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне тексеріс пен бақылау күшейтілді.
Мәселен, Маңғыстау облысында іс-шара қорытындысымен барлығы 5734 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде, қоғамдық қауіпсіздік бойынша - 1977, жол қауіпсіздігі бойынша - 3757.
Операцияның негізгі бағыты – қоғамдық тәртіпті сақтауды және көшелердегі профилактиканы күшейту. Осы бағытта полицейлердің рейдтік іс-шараларынан бөлек, қоғам өкілдерімен бірлесе де 45 рейдтік шара ұйымдастырылған болатын.
Полицейлермен қоғамдық орындарда масаң күйде болған 136 тұлға анықталды. Ал, түнгі тыныштықты бұзу дерегі бойынша 130 тұлға жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзған 380 құқық бұзушыға хаттамалар жасақталды.
Патрульдік полицейлер 11 күн ішінде 33 жүргізушінің көлікті ішкілікті күйде басқарғандығын анықтап, ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша жауапкершілікке тартты. Бағдаршамның тыйым салынған түсінен 82 жүргізуші өткен. Жаяу жүргіншілер де өз өмірлеріне қауіп төнетіндігін біле тұра, тыйым салынған жерлерді кесіп өтуін тоқтатар емес. ҚР ӘҚБтК 615-бабы бойынша 437 тұлғаға қатысты хаттамалар толтырылды.
Іс-шара мәресіне жеткенімен, полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды анықтап, тәртіп орнатудағы бұл жұмыстарын әрі қарай да жалғастыратын болады. Облыс тұрғындары мен қонақтарын заң бұзбауға шақырамыз!