1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және облыстық психикалық денсаулық орталығының ұйымдастыруымен Ақтау қаласы 17 шағын ауданда орналасқан «отбасылық үлгідегі облыстық балалар үйінде» мерекелік іс-шара өткізілді. Полиция капитаны А.Әмірғалиева мен облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры М.Тоқанов бүлдіршіндерді мейрамдарымен құттықтап, жылы тілектерін жеткізді.
Балалармен сұрақ-жауап алмасып, нашақорлықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан соң, “Нашақорлыққа жол жоқ!” тақырыбы аясында орталық тәрбиеленушілерінің арасында бормен сурет салудан сайыс ұйымдастырылды. Жасөспірімдер топқа бөлініп, әрқайсысы түрлі-түсті бояулардың көмегімен суреттерін безендірді.
Бормен сурет салу арқылы олар “нашақорлық” ұғымын қалай түсінетіндіктерін көрсете алды. Кейін қызметкерлер балалармен тілдесіп, дайындаған сыйлықтарын тарту етті. Өз кезегінде орталық басшылығы мен тәрбиеленуші жеткіншектер ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.