Маңғыстау облысы көлемінде ағымдағы жылдың мамыр айының 1-31-і күндері аралығында балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, сату, тасымалдау фактілерінің алдын алу мен анықтау мақсатында «Бекіре-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Шара барысында құқық бұзушылықтарды анықтау үшін табиғатты қорғау полиция қызметкерлері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ және патрульдік полиция батальоны мен ротасы қызметкерлерінен бес топ құрылды. Нәтижесінде барлығы 90 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде балық аулау қағидасын бұзғаны үшін 74 тұлғаға қатысты әкімшілік кодекстің 383-бабына сәйкес хаттамалар жасақталды. Он үш азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы және үш азамат осы кодекстің 335-бабы бойынша заң алдында жауап береді.
Жалпы табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылардан 1099 келі бекіре тұқымдас және 46 келі ұсақ балықтар, итбалықтың майы мен терісі тәркіленді. Сондай-ақ, 500 метр бекіре тұқымдас балығын аулауға арналған ау және «байда» қайығы мен екі дана резиналы қайық анықталды. Заңсыз балық тасу, сатумен айналысқандар тарапынан келтірілген мемлекеттік шығын әр іс бойынша сот үкімінің шешімі шыққаннан кейін өндіріледі.
Өз кезегінде маңғыстаулық полицейлер заңсыз балық аулау мен сатуға қатаң тыйым салынғанын ескертеді және бұл үшін әкімшілік, қылмыстық кодекстің баптары бойынша жауапкершілік көзделгенін қаперлеріңізге салады.