Киберқылмыс: қауіп-қатерлер және олармен күрестің тиімді жолдары

Киберқылмыс: қауіп-қатерлер және олармен күрестің тиімді жолдары

2026 жылғы 1 қазанда Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Маңғыстау облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен «Киберқылмыс: қауіп-қатерлер және олармен күрестің тиімді жолдары» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараға Маңғыстау облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының Киберқылмыстарды тергеу бөлімінің тергеушілері полиция қызметкерлері А.Досаев пен Б.Абаев, сондай-ақ Құқықтану білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері қатысты.

Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, фишинг, жеке деректерді қорғау, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану және киберқылмыстардың алдын алу мәселелері талқыланды.

Полиция қызметкерлері студенттерге күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеу, интернеттегі ақпараттың шынайылығын тексеру қажеттігін түсіндірді.

Сонымен қатар мамандар киберқылмыстарды тергеу барысында кездесетін жағдайларға тоқталып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Кездесу жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтану және киберқылмыстардың алдын алу бойынша қажетті білімдерін толықтыруға бағытталды.