
Маңғыстау облысы Полиция департаменті «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасын іске асыруға қосылды.
Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру, сондай-ақ қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңды құрметтеу және оны сақтаудың маңызын азаматтардың саналы түрде түсінуіне бағытталған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.
Меморандумға сәйкес ішкі істер органдарының қызметкерлері «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» арнайы бағыты бойынша ұйымдастырылатын «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысады.
Жоба аясында алты ай ішінде қатысушылар 15 кітап оқып, оқыған шығармаларынан алған әсерлерімен бөліседі және түрлі зияткерлік іс-шараларға қатысады.
Марафонның негізгі мақсаты – кітап оқуға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыру, оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және мемлекеттік қызметшілер арасында үздіксіз білім алу мен өзін-өзі дамыту дағдыларын қалыптастыру.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері аталған бастамаға белсенді қатысып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және рухани-танымдық дамуға өз үлестерін қоспақ.