
Боранқұл ауылында Бейнеу ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 9–11 сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесуге «Жайдарлы» ҮЕҰ директоры Нәбия Айлашова, Бейнеу ауданы полиция бөлімінің бастығының қызмет жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ерғали Искаков және ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жанар Оразбаева қатысты.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқушыларға буллинг, топтық төбелес, суық қаруды сақтау, сондай-ақ есірткі заттарын заңсыз сақтау және қолданудың құқықтық салдары түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері оқушыларды жанжалға жол бермеуге, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырды.
Сонымен қатар жасөспірімдерге кез келген даулы жағдайда мәселені күш қолдану арқылы шешуге болмайтыны, қиын жағдайға тап болған кезде ата-анасына, мұғалімдерге немесе полиция қызметкерлеріне жүгіну қажеттігі айтылды.
Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан толық жауап алды.
Мұндай профилактикалық кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жасөспірім қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік!