
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтау қаласының ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандармен, ата-аналармен және педагогтермен профилактикалық жұмыстарды күшейтті.
Профилактикалық жұмыстың негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың қауіпсіз білім алуына және тәрбиеленуіне жағдай жасау.
Ювеналды полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, көшеде, қоғамдық орындарда және интернет кеңістігінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіруде. Буллингке, зорлық-зомбылыққа, алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін пайдалануға, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Қараусыздық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. Полиция қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды тексеріп, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдермен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Ювеналды полиция ата-аналарға балаларға үнемі көңіл бөлу, олардың араласатын ортасын білу, қайда жүргенін және бос уақытын қалай өткізетінін бақылау қажеттігін еске салады.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүруіне жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылады.
Полиция ата-аналарды баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, құрдастарымен қарым-қатынасына, интернетке тәуелділік белгілеріне және басқа да алаңдататын жағдайларға уақытылы назар аударуға шақырады.
Баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажет.
Профилактика – полицияның, ата-аналардың, педагогтердің және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана әрбір бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз.