Маңғыстауда «Қарасора» ЖПІШ аясында 100 грамнан астам апиын тәркіленді

Маңғыстауда «Қарасора» ЖПІШ аясында 100 грамнан астам апиын тәркіленді

5 тамызда Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен республикалық «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен екі азаматты ұстады.

Жедел іс-шара барысында күдіктілердің бірінің автокөлігін тексеру кезінде 600 мың теңге көлемінде ақша қаражаты анықталып, тәркіленді.

Кейін екінші күдікті де ұсталды. Оның автокөлігін тексеру барысында 480 мың теңге тәркіленді.

Ақтау қаласында орналасқан жалдамалы пәтерге жүргізілген тінту кезінде жалпы салмағы 100,8 грамм болатын есірткі заты – апиын анықталды. Есірткі заттары 10 орама және полиэтилен пакетке салынған күйде табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар тінту барысында электронды таразы, есірткі заттарын дайындауға және қолдануға арналған құралдар, сондай-ақ 670 мың теңге ақша қаражаты тәркіленді.

Медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған екі азаматтың да есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктілер Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу жалғасуда.

Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты кез келген фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.

https://www.instagram.com/p/DcLYAghjIIR/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==