Маңғыстауда нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілуде

Маңғыстауда нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілуде

облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және мемлекеттік органдардың нашақорлыққа әрі есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабтың бірлескен отырысы өтті.

Жиынға құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің және жауапты салалардың өкілдері қатысты.

Отырыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту, сондай-ақ нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы қаралды.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8 пайызға төмендеген. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қорғау нұсқамалары шығарылып, ерекше талаптар белгіленіп, қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша интернет-алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды. Жыл басынан бері облыста 135 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде мыңнан астам жарияланым мен бейнематериал таратылған. Сонымен қатар заңсыз интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Ведомствоаралық штаб отырысында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері қаралды. Есепті кезеңде облыста 213 есірткі құқық бұзушылығы тіркеліп, заңсыз айналымнан 107 келіден астам есірткі заттары тәркіленген. Сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткінің зияны туралы түсіндіру мақсатында жыл басынан бері 347 профилактикалық іс-шара өткізілген.

Жиында 26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналған іс-шаралар жоспары да таныстырылды. Осыған орай Ақтау қаласында «Болашағыңды бүгін қорғай біл!» ұранымен жастарға арналған кең ауқымды акция мен концерт ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту және жастарды есірткіден қорғау мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді тетіктер қалыптастыру және жастар арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Бұл мәселелер бойынша профилактикалық шараларды күшейтіп, халықпен түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алу, киберқауіпсіздікті күшейту, нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды жандандыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1243586?lang=ru