МАҢҒЫСТАУДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

МАҢҒЫСТАУДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Әшірбеков қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өңірдің қала және аудан әкімдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Іс-шараға қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округтер мен кент әкімдері, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында облыс аумағындағы бейнебақылау жүйелерінің қазіргі жай-күйі, оларды жаңғырту, техникалық мүмкіндіктерін кеңейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қылмыстарды ашудағы тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты қаралды.

Полиция өкілдері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи цифрлық технологиялардың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бүгінде бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды жедел ашу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең тиімді құралдардың біріне айналып отыр.

Жиын барысында бейнебақылау аймақтарын кеңейту, істен шыққан құрылғыларды қалпына келтіру, жаңа тұрғын үй шағын аудандары мен халық көп шоғырланатын орындарға қосымша камералар орнату, сондай-ақ қолданыстағы жүйелерді Жедел басқару орталықтарымен ықпалдастыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдама аясында Маңғыстау облысында бейнебақылау желісін кеңейту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Тек 2025 жылдың өзінде өңір аумағында 1 268 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бейнебақылау жүйелерін дамыту және жаңғырту жұмыстары 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға, оқиғаларға жедел ден қоюға және тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсетуді уақытылы жүргізу және интеллектуалды қауіпсіздік жүйелерін одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар берілді.

Серік Әшірбековтің айтуынша, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың тиімді өзара іс-қимылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болып табылады.

— Азаматтардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Заманауи бейнебақылау жүйелері қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және халықтың қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан қауіпсіздіктің цифрлық инфрақұрылымын дамыту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыру маңызды, – деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының қала және аудандарындағы бейнебақылау жүйелерін одан әрі жетілдіру жөніндегі нақты шаралар айқындалып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді.