
Қазақстан Республикасы Полиция күні қарсаңында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің криминалистикалық бөлімшелерінің қызметкерлері криминалистика саласында ұзақ жылдар еңбек еткен қызмет ардагерлерімен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында ардагерлер жас мамандармен кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, қызмет жолындағы елеулі оқиғалар, қылмыстарды ашу мен тергеудің ерекшеліктері, сондай-ақ криминалистикалық қызметтің қалыптасу кезеңдері туралы әңгімеледі. Олардың көпжылдық еңбегі мен мамандыққа деген адалдығы бүгінгі жас буын полиция қызметкерлері үшін үлкен өнеге болды.
Өз кезегінде қазіргі криминалистер ардагерлерге қылмыстарды ашу мен тергеу барысында қолданылатын заманауи криминалистикалық техника мен жабдықтарды таныстырды. Кездесуге қатысушылар жаңа технологиялар мен әдістердің мүмкіндіктерімен танысып, криминалистикалық бөлімшелердің бүгінгі жетістіктеріне куә болды.
Кездесу жылы әрі достық жағдайда өтіп, ұрпақтар сабақтастығының, кәсіби дәстүрлердің сақталуының және баға жетпес тәжірибенің жас қызметкерлерге берілуінің жарқын үлгісіне айналды.
Мұндай тағылымды кездесулер жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, қызметке деген жауапкершілігін күшейтуге және ішкі істер органдарының үздік дәстүрлерін жалғастыруға ықпал етеді.