БІР ШАҢЫРАҚТАН ШЫҚҚАН ЕКІ ТӘРТІП САҚШЫСЫ

БІР ШАҢЫРАҚТАН ШЫҚҚАН ЕКІ ТӘРТІП САҚШЫСЫ

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы қызмет. Бұл жолды таңдаған жандардың қатарында Жаңаөзен қалалық полиция бөлімінде қызмет атқарып жүрген ағайынды Суйрибаевтар да бар.

Отбасының үлкені – Абай Суйрибаев. Ол Жаңаөзен қалалық полиция бөлімінде тергеуші болып қызмет етеді. Қылмыстық істерді жан-жақты зерттеп, заң талаптарына сәйкес әділ шешім қабылдануына үлес қосып жүрген тәртіп сақшысы өз ісіне адал маман ретінде танылған. Ал оның інісі Азамат Суйрибаев жедел уәкіл қызметін атқарады.

Қылмыстарды ашу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп жүрген ол кәсіби біліктілігімен және жауапкершілігімен ерекшеленеді. Бір шаңырақта тәрбиеленген ағайындылардың таңдаған жолы да ортақ мақсатқа бағытталған. Бірі тергеу жұмыстарын жүргізсе, екіншісі жедел қызметте қылмыстың ізін суытпай ашуға атсалысады.

Екеуінің де басты міндеті – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау. Полиция қызметі кез келген уақытта дайын болуды, табандылық пен төзімділікті талап етеді. Осы міндетті абыроймен атқарып жүрген ағайынды Суйрибаевтар әріптестері арасында сый-құрметке ие.

Полиция күні қарсаңында Абай Суйрибаев пен Азамат Суйрибаевтың еңбегі – құқық қорғау саласындағы кәсібиліктің, бауырластықтың және Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген қос тәртіп сақшысына әрдайым толағай табыс пен абырой тілейміз.