
Маңғыстау ауданы Полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ғ. Құсаинов Маңғыстау ауданына қарасты білім беру ұйымдарының директорларымен жұмыс жиынын өткізді.
Жиын барысында 25 мамыр – мектеп бітіруші түлектерге арналған «Соңғы қоңырау» іс-шаралары кезінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесуде қоғамдық тәртіпті сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ мерекелік іс-шаралар кезінде оқушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарына мектеп бітіруші түлектердің бейресми серуендері мен бақылаусыз жиналуларына жол бермеу, балалардың кешкі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүруінің алдын алу және қауіпсіздік талаптарын түсіндіру бойынша ата-аналармен бірлескен жұмыстарды жандандыру ұсынылды.
Полиция подполковнигі Ғ. Құсаинов білім беру ұйымдары басшыларына қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертіп, полиция қызметкерлері тарапынан мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ мектеп аумақтары мен қоғамдық орындарда полиция нарядтарының күшейтілген режимде қызмет атқаратыны, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда болатыны жеткізілді.
Жиын соңында білім беру ұйымдары мен полиция бөлімінің өзара іс-қимылын күшейту, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және мерекелік іс-шараларды қауіпсіз ұйымдастыру бойынша нақты міндеттер айқындалды.
https://www.instagram.com/reel/DYjtyR2tvNR/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==