Маңғыстау облысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары күшейтілуде

Маңғыстау облысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары күшейтілуде

Бүгін Маңғыстау облысы Полиция департаменті жанынан құрылған есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі профилактикалық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өтті.

Кеңес отырысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, сондай-ақ кеңес төрағасы полиция полковнигі И.Б. Жұмағұловтың төрағалығымен өтті.

Кездесу барысында ағымдағы жылдың 4 айындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытында атқарылған профилактикалық жұмыстардың қорытындылары шығарылып, жүргізілген іс-шаралардың тиімділігі талқыланды.

Есепті кезеңде заңсыз айналымнан шамамен 48 келі есірткі заты тәркіленді.

Сонымен қатар Ақтау қаласының қоғамдық орындарында 53 рейдтік іс-шара өткізіліп, есірткі жарнамасына қатысты 145 граффити жазуы анықталып, жойылды. Сондай-ақ есірткі заттары мен олардың аналогтарын жарнамалайтын және сатуға қатысты ақпарат таратқан 630 интернет-ресурс бұғатталды.

Бұдан бөлек, 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өтетін есірткіге қарсы айлыққа дайындық мәселелері қаралып, алдағы іс-шаралар жоспары бекітілді. Әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту және ауқымды профилактикалық акциялар ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша профилактикалық жұмыстарды одан әрі белсенді жалғастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту бойынша нақты тапсырмалар берілді.