Уақытша ұстау изоляторына экскурсия: Маңғыстау жастарына құқықбұзушылықтың салдары түсіндірілді

Уақытша ұстау изоляторына экскурсия: Маңғыстау жастарына құқықбұзушылықтың салдары түсіндірілді

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласындағы колледж студенттеріне арналған уақытша ұстау изоляторында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Уақытша ұстау изоляторына ұйымдастырылған экскурсия көрнекі-профилактикалық сипатта өтіп, студенттерге құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын көрсетуге және заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіруге бағытталды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қатысушыларды уақытша ұстау изоляторының жұмысымен таныстырып, ұсталған азаматтарды ұстау шарттары туралы айтып, құқықбұзушылық жасаудың құқықтық салдарын түсіндірді. Студенттерге ойланбай жасалған кез келген әрекет адамның болашағы мен өміріне кері әсер етуі мүмкін екені жеткізілді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, жеке жауапкершілік және заң талаптарын сақтау қажеттілігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан толық жауап алды.

Мұндай іс-шаралар жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді.