Полиция қызметкерлері Кендірлі ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнатып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және елді мекендегі қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Кездесу барысында интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері түсіндіріліп, күмәнді қоңыраулар мен жалған хабарламаларға сенбеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу жөнінде сақтық шаралары айтылды. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін сақтау, әсіресе кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі ескертілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі де кеңінен қозғалып, ата-аналардың жауапкершілігі, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тәрбие жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, түнгі уақыттағы қауіпсіздік және тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Полиция қызметкерлері тұрғындарды алаңдатқан мәселелер бойынша заң аясында нақты жауаптар беріп, алдағы уақытта да мұндай кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер халық пен полиция арасындағы өзара сенімді арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
https://www.instagram.com/reel/DYSYXnaNT_l/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==