
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылығы 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагері мен тыл ардагерлерінің шаңырақтарына барып, құрмет көрсетті.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов, ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Садақбаев және ПД бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Алмас Мұқан тыл ардагерлері Тарбия Акджигитова, Бектурган Абилхасов және Майдан Каракульчиковтың үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттар табыстады.
Сондай-ақ, Ақтау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Ольга Платоновна Заривняк ерекше құрметке ие болды. 1927 жылы дүниеге келген ардагер Украинадан немересінің қолына Ақтау қаласына қоныс аударған. Соғыс жылдары небәрі 14 жаста болғанына қарамастан, туған қаласындағы партизандық жасақ құрамында байланысшы болып қызмет атқарған. Ол маңызды ақпараттарды жеткізіп, жараланған сарбаздарға көмек көрсеткен.
Кездесу барысында ардагерлерге мерекелік көңіл күй сыйланып, алғыс пен құрмет көрсетілді. Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Сағындық Аяғанов ардагерлердің ерлігі мен еңбегі әрдайым ел жадында екенін атап өтті.
Мұндай тағылымды кездесулер — өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, тарихқа құрмет көрсетудің жарқын үлгісі. Полиция қызметкерлері ардагерлермен тек мереке күндері ғана емес, күнделікті байланыста болып, қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын екендерін жеткізді.
https://www.instagram.com/p/DYM1FDIDKYc/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==