
2026 жылғы 2 мамыр күні сағат 20:00 шамасында «102» жедел арнасына Жаңаөзен қаласы Самал шағын ауданы 13-шағынауданындағы пәтерлердің бірінен полиция көмегін сұраған хабарлама түскен.
Оқиға орнына дереу жеткен Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры Б. Акимбаев пәтер есігінің іштен кілттеніп қалғанын анықтаған. Анасының айтуынша, үй ішінде 2 жастағы бала мен 6 айлық сәби қалған.
Полиция майоры жағдайдың шұғыл екенін ескеріп, пәтерге терезе арқылы кіру жөнінде шешім қабылдаған. Осы сәтте оқиға орнына төтенше жағдайлар бөлімінің құтқару жасағы келіп жеткен. Құтқарушылар арнайы сатының көмегімен екінші қабаттағы терезе арқылы пәтерге кіріп, есікті ашқан.
Нәтижесінде балалар аман-есен аналарына тапсырылды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ тұрмыстық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.