
Маңғыстау облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі өсіруге қатысты дерек анықталды.
2026 жылғы 28 сәуірде Мұнайлы ауданындағы елді мекендердің бірінде орналасқан жеке тұрғын үйге жүргізілген тексеру кезінде аулада есірткі затына ұқсас өсімдіктерді жою әрекеті кезінде екі азамат ұсталды.
Тексеру барысында жедел-тергеу тобы аталған мекенжайға тінту жүргізіп, аулада орналасқан шаруашылық құрылысының ішінен есірткі өсіруге арналған арнайы жабдықталған зертхананы анықтады. Атап айтқанда, оқиға орнынан фитолампалар, су сүзгілері, сұйық тыңайтқыштар, электрлі генераторлар және қарасора өсімдігі табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар, басқа шаруашылық құрылысынан фольгаға оралған “марихуана” есірткі затына ұқсас заттың 15 данасы, электронды таразы, қолдануға арналған құрылғылар және ноутбук табылды. Үй аумағынан қосымша өсірілген өсімдіктер де анықталды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың жалпы салмағы 30 келі 840 грамм марихуана екені анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық істер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі және 300-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.