Маңғыстау облысында білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне кешенді тексеру жүргізілді

Маңғыстау облысында білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне кешенді тексеру жүргізілді

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция, қылмысқа қарсы күрес және әкімшілік полиция басқармаларының қызметкерлері білім беру ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп өңірдегі оқу орындарында кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.

Тексеру барысында білім беру нысандарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, дабыл түймелерінің жұмыс істеу қабілеті, сигналдардың сапалы берілуі және жеке күзет ұйымдарының дабылға уақтылы әрекет етуі бақылауға алынды.

Сонымен қатар, бейнебақылау жүйелерінің жарамдылығы, олардың жедел басқару орталықтарына немесе полицияның кезекші бөлімдеріне қосылу жағдайы тексерілді.

Білім беру мекемелерімен келісімшарт жасасқан күзет ұйымдарының физикалық күзет қызметін көрсету сапасына ерекше назар аударылды. Күзетшілердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, қызметтік міндеттерін білу деңгейі және төтенше жағдайларда әрекет ету дағдылары бағаланды.

Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының жауапты тұлғалары, қызметкерлері мен күзетшілерінің функционалдық міндеттері мен қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейі зерделенді.

Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар беріліп, тиісті нұсқаулар жолданды.

Аталған шаралар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.