
Ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 31 мамыры аралығында Маңғыстау облысының аумағында «Бекіре–2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балықты және балық өнімдерін заңсыз өндіру, тасымалдау, сатып алу, сақтау және өткізу фактілерін анықтау және олардың алдын алу. Сонымен қатар, тыйым салынған аулау құралдарын, оның ішінде моноталшықтан жасалған және шетелде өндірілген (Қытайлық) ауларды заңсыз пайдалану мен сатудың жолын кесу көзделген.
Аталған іс-шара аясында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректерін анықтау, браконьерлік фактілердің жолын кесу және су биоресурстарын сақтау бағытында кешенді жедел-іздестіру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Бақылау жұмыстары су айдындарында, жағалау аумақтарында, сондай-ақ балық өнімдерін сақтау және өткізу орындарында тұрақты түрде ұйымдастырылған. Сонымен қатар, балық өнімдерін заңсыз тасымалдаудың алдын алу мақсатында автокөлік құралдары тексеріліп, тиісті құжаттардың болуы қатаң қадағаланады.
Арнайы рейдтер барысында заңсыз ауланған балықтарды анықтау, тыйым салынған ау құралдарын тәркілеу және құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту шаралары күшейтілген.
Профилактикалық жұмыстар шеңберінде тұрғындар мен балық шаруашылығы субъектілеріне табиғатты қорғау заңнамасының талаптары түсіндіріліп, заң бұзушылықтардың салдары туралы жан-жақты ақпарат берілуде.
Құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан су биоресурстарын қорғау, браконьерлікпен күрес және табиғи байлықтарды сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
https://www.instagram.com/reel/DW_tFj9DN7Z/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==