Маңғыстау облысында «Жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылды

Маңғыстау облысында «Жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылды

2026 жылғы 10 сәуір күні Бекі елді мекені маңында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді.

Аталған іс-шараны Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы ұйымдастырып, оған «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ, «ҚАЖсервис» мекемелері және Көлік инспекциясының қызметкерлері қатысты.

Акцияның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.

Іс-шара барысында жеке шаруа қожалықтарының өкілдерімен, төрт түлік мал иелерімен және жүргізушілермен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Қатысушыларға малды қараусыз қалдырмау, оның автожолдарға шығып кетуінің алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және жолдағы жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Сонымен қатар, жүргізушілерге қолайсыз ауа райы жағдайында қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, жылдамдық режимін қадағалау және көлік құралдарының техникалық жай-күйіне ерекше назар аудару қажеттігі ескертілді.

Акция барысында ақпараттық жадынамалар таратылып, азаматтардың сұрақтарына жауаптар берілді.

Осындай профилактикалық іс-шаралар өңірдегі жол қауіпсіздігін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.