
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сағындық Аяғанов өңір тұрғындарымен кездесулер өткізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы оперативтік жағдай тұрақты деп бағаланды.
Сағындық Аяғанов Ақтау қаласының микрорайондарын аралап, тұрғындармен, сондай-ақ тұрғын үй кооперативтері мен өзін-өзі басқару органдарының өкілдерімен кездесті. Кездесулерге қоғамдық белсенділер мен блогерлер де қатысты. Қала тұрғындарының өзекті мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды.
Ашық диалог форматында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және халықтың полицияға сенім деңгейін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесулер барысында ұрлық, есірткі қылмыстары, жол-көлік оқиғалары және алаяқтық профилактикасына ерекше назар аударылды. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты жаңа қауіптер, соның ішінде киберқылмыстар көбейіп отыр. Қазіргі кезде әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтықтың саны артуда.
Осыған байланысты департамент тарапынан киберқылмыспен күреске арналған арнайы бөлімшелердің жұмысы күшейтілді. Сонымен қатар банктер, байланыс операторлары және басқа да ұйымдармен бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар облыс аумағында жол-көлік оқиғаларын алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың жауапкершілігін арттыру бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде.
— Біздің мақсатымыз – қауіпсіз қоғам құру. Заң мен тәртіп бар жерде әділеттік, тыныштық пен қауіпсіздік болады, — деп атап өтті Сағындық Қузембаевич.
Қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің басшылары да тұрғындармен ұқсас есептік кездесулерді ұйымдастырды. Кездесулер барысында азаматтар полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Атап айтқанда, учаскелік инспекторлар мен тергеушілердің кәсібилігі және тұрғындарға жауапкершілікпен, мейірімді қарауы жоғары бағаланды.