
Ақтау қаласында, Ш. Есенов атындағы университеттің базасында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның тақырыбы: «Жаһандық сын-қатерлер және құқықтық трансформациялар: конституционализм, цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі адам құқықтары».
Бұл маңызды ғылыми шараға отандық және шетелдік ғалымдар, құқық саласының мамандары, профессорлық-оқытушылық құрам, сондай-ақ шамамен 70 студент қатысты.
Конференция барысында заманауи қоғамдағы ең өзекті мәселелер — цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану арқылы жасалатын қылмыстар жан-жақты талқыланды. Студенттер мен университет оқытушылары үшін интернет алаяқтықтан қорғану жолдары, интернетті қауіпсіз пайдалану ережелері және цифрлық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы туралы ақпараттық сессиялар өткізілді.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай ғылыми шаралар адам құқықтарын қорғау, құқықтық мемлекет механизмдерін жетілдіру және жаңа жаһандық сын-қатерлер жағдайында цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында маңызды қадам болып саналады.