
Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері 84 жастағы жалғызбасты зейнеткерге қатысты жасалмақ болған алаяқтық әрекетті дер кезінде тоқтатты.
Киберполицияның Call-орталығына егде жастағы әйелді алдауға тырысқан алаяқтар туралы хабарлама түсті. Ақпарат алынған бойда полиция қызметкерлері зейнеткердің мекенжайын анықтап, дереу оқиға орнына жетті.
Анықталғандай, бірнеше сағат бойы алаяқтар әйелге қалалық және ұялы телефон нөмірлерінен үздіксіз қоңырау шалып, психологиялық қысым көрсеткен. Олар оның мобильді банк қосымшасына қол жеткізіп, депозиттік шоттағы қаражатты жаңа ашылған шотқа аудармақ болған.
Киберполиция басшысы Айболат Мурзашевтың жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында зейнеткердің қызына хабарласып, банкке бірлесіп жүгіну арқылы шотты бұғаттау шаралары қабылданды. Нәтижесінде 4 млн 400 мың теңге толық көлемде сақталып қалды.
Полиция азаматтарды қырағылық танытуға шақырады: жеке деректерді, кодтар мен банк шоттарының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді қоңырауларға сенбеу және мұндай жағдайларда дереу полицияға жүгіну қажет.