Полиция Ақтау – Жаңаөзен тасжолындағы жаңа камераларға қатысты түсінік берді

Полиция Ақтау – Жаңаөзен тасжолындағы жаңа камераларға қатысты түсінік берді

Ведомствоның мәліметінше, өңірдегі жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа автоматтандырылған бақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Биыл республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына барлығы 45 осындай кешен орнату жоспарланған.

Аталған құрылғылар бұрынғы камералар сияқты жылдамдықты тек бір нүктеде ғана тіркемейді. Жүйе көліктің белгілі бір жол учаскесін қанша уақытта жүріп өткенін есептеу арқылы орташа жылдамдықты анықтайды. Бұл жүргізушілердің камера маңында ғана жылдамдықты азайтып, кейін қайта жылдамдықты арттыру арқылы жауапкершіліктен жалтаруына жол бермейді.

Қазіргі уақытта жүйелер сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Техникалық баптау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін құрылғылар толыққанды жұмыс істей бастайды.

Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл шаралардың басты мақсаты – айыппұл салу емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.