
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов өңір журналистері мен блогерлерімен кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – полиция мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау болды.
Кездесу барысында полиция мен БАҚ арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда және азаматтарды жедел ақпараттандыруда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Жиын барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, көшелерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылықтың алдын алу, қылмыстың профилактикасы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде журналистер мен қоғам белсенділері полиция жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Сондай-ақ қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу халықпен өзара іс-қимылды нығайтып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.