Патрульдік полиция ротасының бір күндік жұмысы

Патрульдік полиция ротасының бір күндік жұмысы

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол қозғалысы тәртібін сақтау – патрульдік полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі. Күн сайын аудан көшелерінде қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарады.

Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция ротасының аға қызмет инспекторы, полиция капитаны Қонасов Хамза Алтынбекұлы.

Хамза Алтынбекұлы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2016 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Қызметтік жолында ол қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында белсенді еңбек етіп келеді.

Патрульдік полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Күнделікті қызмет барысында полиция қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындарда патрульдік қызмет атқарып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алады. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, азаматтарға заң талаптарын түсіндіреді.

Қонасов Хамза Алтынбекұлы өз қызметінде кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және адалдығымен ерекшеленіп, әріптестеріне үлгі болып келеді. Ол қызметтік міндеттерін адал орындап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.

Сонымен қатар ол – үлгілі әке. Үш қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы әке отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайды. Қызметтен тыс уақытта спортпен шұғылданады. Бокс, шорт-трек және көкпар спорт түрлерінен спорт шеберіне үміткер.

Полиция капитаны Қонасов Хамза Алтынбекұлы сынды тәртіп сақшылары қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы қызметін абыроймен атқарып келеді.