
25 ақпанға қараған түні Ақтау қаласының 32Б шағынауданындағы №8/2 көпқабатты тұрғын үйінің тұрғындары пәтерлердің бірінен шыққан қатты шуға байланысты полицияға хабарласқан.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне пәтер есігін ешкім ашпаған. Қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында өрт сөндіру-құтқару қызметі тартылып, есік мәжбүрлі түрде ашылды.
Пәтерге кіргеннен кейін құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Алайда азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, агрессивті мінез-құлық танытқан. Осыған байланысты оларға қосымша ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы (Полиция қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша хаттамалар рәсімделді.
Құқық бұзушылар — екі ер адам мен бір әйел. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот шешімін күтуде. Сот отырысы 26 ақпанға тағайындалған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша әрқайсысына 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ал 667-бап бойынша 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.