
Оқиға Астана – Ақтау бағытындағы рейс ұшып шыққаннан кейін шамамен бір сағат өткен соң орын алған. Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сағындық Аяғанов шетелдік азаматтың өзін жайсыз сезініп, ұшақ дәлізінде құлай бастағанын байқайды.
Ол дереу жолаушыны ұстап қалып, құлап жарақат алуына жол бермей, бортсеріктерді шақырған. Сондай-ақ жолаушылар арасынан медицина қызметкерін іздеу ұйымдастырылған.
— Мен еңбек демалысынан сол рейспен Ақтауға қайтып келе жатқан едім. Ер адамның менің жаққа қарай құлап бара жатқанын көріп, ұстап үлгердім. Бортсеріктерді шақырып, жолаушылар арасынан дәрігер іздедік. Бақытымызға қарай, дәрігер табылды. Өзім үнемі жанымда алып жүретін аспиринді ұсындым. Ұшақ қонғанға дейін оның жағдайын бақылауда ұстадық. Мұндай жағдайда әр азамат осылай әрекет етер еді деп ойлаймын. Бұл — біздің азаматтық борышымыз, — деді Сағындық Аяғанов.
Медициналық көмекті «Ана мен бала» орталығының дәрігері Турсын Чуйшбаева көрсетті. Оның айтуынша, науқастың қан қысымы 220/110 мм сын. бағ. дейін көтерілген.
— Қажетті дәрі-дәрмектер беріліп, оттегі қосылды. Нәтижесінде жолаушының жағдайы тұрақтандырылды. Ақтауға қонған сәтте қан қысымы 135/85 деңгейіне дейін төмендеді. Ол самай тұсының қатты ауырғанына шағымданды. Жолаушылар арасынан каптоприл мен аспирин табылды. Анықталғандай, бір ай бұрын өз елінде дәл осындай жағдаймен ауруханаға түскен, алайда дәрігерлердің ұсынымдарын толық сақтамаған. Созылмалы ауруы бар адамдар сапарға шыққанда қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүруі маңызды, — деп атап өтті дәрігер.
Ұшақ Ақтау қаласына қонғаннан кейін 45 жастағы ер адам жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Шетелдік азамат өзіне көмек көрсеткен барлық жандарға шынайы алғысын білдірді.
— Ұшақ көтерілгеннен кейін өзімді жайсыз сезіндім. Бір сағаттан соң жуыну бөлмесіне бет алғанымда әлсіздік, денемнің сол жақ бөлігінің ұюы, көзімнің қарауытуы және тыныс алудың қиындауы байқалды. Тепе-теңдігімді жоғалтып, құлап қалдым. Кейін маған Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы көмектескенін білдім. Оның мені демеп, су беріп, сабырға шақырғаны есімде. Есімді жиған соң кешірім сұрадым, ал ол: «Ештеңе етпейді, біз бәріміз адамбыз, көмектесу — парызымыз», — деді. Ұшақ бортында көмек көрсеткен барша жанға алғысым шексіз, — деді жолаушы.
Алдағы уақытта ол өз өмірін сақтап қалған мамандарға жеке алғыс айту ниетінде.