
Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында Мұнайлы ауданының №1 «Балдырған» балабақшасында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, бағдаршамнан өту тәртібі мен жаяу жүргіншілер өткелінен қауіпсіз өтудің жолдарын тәжірибелік түрде көрсетті. Сонымен қатар балаларға велосипедті жолда қауіпсіз пайдалану қағидалары таныстырылды.
Кездесу барысында балалар белсенділік танытып, сұрақтарға жауап беріп, жол қауіпсіздігі туралы білімдерін көрсетті. Іс-шара соңында балалар қонақтарға шағын концерттік бағдарлама ұсынып, өнерлерін паш етті. Полиция қызметкерлері естелік сыйлықтар табыстап, жолда әрдайым мұқият әрі сақ болудың маңыздылығын еске салды.
Мұндай профилактикалық кездесулер жас ұрпақтың жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды жұмыс болып табылады.