
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған шараға Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұқан Алмас Мешітбайұлы, ішкі істер органдарының ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Мұнайлы ауданы полиция бөлімі қызметкерлері және №13 мектеп-гимназиясы КММ-нің «Жас сақшы» кадет сыныбының оқушылары қатысты.
Іс-шара Ауған соғысында қаза тапқан батырларды 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұл – боздақтардың рухына көрсетілген тағзым, ел жадындағы өшпес ерліктің белгісі.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Мұқан Алмас Мешітбайұлы сөз сөйлеп, Ауған соғысы ардагерлерінің қайсарлығы мен табандылығын ерекше атап өтті.
«Батырлардың ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің кепілі. Сіздердің отансүйгіштік пен адалдықтың жарқын үлгісі болған істеріңіз жас ұрпаққа әрдайым өнеге», – деп, ардагерлерге алғысын білдірді.
Шара барысында сұрапыл соғыстың куәсі болған батыр ағалармен жүздесу ұйымдастырылып, олардың естеліктері тыңдалды. Қан майданда азаматтық борышын өтеп, елге аман оралған жауынгерлердің ерлігі – шынайы батырлықтың көрінісі екені айтылды.
Ардагерлермен таныстыру үшін сөз Ардагерлер кеңесінің төрағасы Садақбаев Мұхтар Қанғалиұлына берілді. Ол Ауған соғысына қатысқан жерлестердің есімдерін атап, олардың ерлік жолына тоқталды. Сондай-ақ жас ұрпақты Отанды сүюге, ел тыныштығын қорғауға шақырды.
Кездесу соңында кадет сыныбының оқушылары ардагерлерге құрмет көрсетіп, патриоттық өлеңдер оқып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Іс-шара жас буынның тарихи санасын қалыптастыруға, ерлікке тағзым етуге және отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.
Сонымен қатар, шара барысында полиция полковнигі Мұқан Алмас Мешітбайұлы және Ауған соғысының ардагерлері ішкі істер органдарының ардагері Бокушов Корабайдың (04.07.1956 ж.т.) есіміне арнайы ашылған кабинетке барып, оның жарқын бейнесін еске алды. Ардагердің елге сіңірген еңбегі мен өнегелі ғұмыры туралы жылы пікірлер айтылып, жас ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды.
Шараның негізгі мақсаты – ерлікті ұлықтау, батырларды ұмытпау және олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Себебі ерлік – елге мұра, ал сол мұра – ұрпаққа мәңгілік ұран.
Мұнайлы ауданы Пб