
«Stop сталкинг» акциясы және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторлары мектеп директорымен бірлесіп №19 жалпы білім беретін мектеп КММ-де жалпы ата-аналар жиналысын өткізді.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кездесу барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды: тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік, буллинг және кибербуллинг, интернет-алаяқтық, жыныстық қолсұғылмаушылық, суицид, сталкинг, сондай-ақ есірткіге тәуелділіктің алдын алу.
Құқық қорғау органдарының өкілдері аталған құқық бұзушылықтардың құқықтық салдарын түсіндіріп, ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды дұрыс тәрбиелеудегі жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер, жасөспірімдер қылмысының алдын алу шаралары және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастырудағы отбасының маңызды рөлі туралы ақпарат берілді.
Кездесу соңында ата-аналардың барлық сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді. Мектеп, отбасы және құқық қорғау органдарының бірлескен профилактикалық жұмысының маңыздылығы атап өтілді.
Осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.