
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында және қызметтік қарудың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 2–14 ақпан аралығында Маңғыстау облысының аумағында «Қызметтік қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара барысында Маңғыстау облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қызметтік қаруды сақтау және пайдалану қағидаларын қатаң бақылауға алды. Тексеру жұмыстары негізінен:
жеке күзет ұйымдарында;
қару-жарақ дүкендері мен сақтау орталықтарында;
атыс тирлері мен полигондарда;
табиғат қорғау және аңшылық шаруашылық мекемелерінде жүргізілді.
Тексеру барысында қызметтік қарудың есепке алынуы, сақталу жағдайы және құжаттаманың толықтығы зерделенді. Сондай-ақ, нысан басшылары мен жауапты қызметкерлерге қару айналымы саласындағы заңнама талаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Маңғыстау облысының Полиция департаменті барлық заңды тұлғалар мен мекемелерді қызметтік қаруды сақтау және есепке алу ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
https://www.instagram.com/reel/DU0VbmHjDUK/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==