
Ақтау қаласындағы №10 мектепте жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және буллингке қарсы түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушыларға есірткінің зияны мен оның құқықтық салдары туралы ақпарат беру, сондай-ақ құрдастар арасындағы әлімжеттік пен қысым көрсетудің алдын алу жолдарын түсіндіру.
Жиынға Маңғыстау облысы ПД жанындағы Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Д. Турина, Ақтау қаласы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы және Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қатысты. Мамандар жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі, қауіпсіз мінез-құлық қағидалары және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы кеңінен түсіндірді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Іс-шара барысында жастар зиянды әдеттерден аулақ болуға, заң талаптарын сақтауға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырылды.
https://www.instagram.com/reel/DUqCWv7DExS/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==