
Маңғыстау ауданы Полиция бөлімінің жеке құрамына Арнайы кәсіби даярлық басқармасының тәжірибелі қызметкерлері келіп, қызметтік даярлықты арттыру мақсатында күдіктілерді ұстау тактикалары бойынша арнайы оқу-жаттығу сабақтарын өткізді.
Сабақтың негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерінің заң талаптарына сай, қауіпсіз және тиімді түрде күдіктілерді ұстау бойынша практикалық дағдыларын жетілдіру, қызметтік жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілетін арттыру.
Оқу-жаттығу сабақтары екі бөлімнен тұрды: теориялық және практикалық. Теориялық бөлімде құқық бұзушыларды ұстау кезіндегі құқықтық нормалар, күш қолдану және арнайы құралдарды пайдалану тәртібі, топпен және жеке әрекет ету тактикалары, сондай-ақ түрлі қызметтік жағдайлар талқыланды.
Практикалық кезеңде қызметкерлерге нақты жағдайларға жақындатылған жаттығулар ұйымдастырылып, күдіктіні тоқтату, жерге жатқызу, кісен салу, көлікте немесе қоғамдық орында ұстау, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берілді.
Арнайы кәсіби даярлық басқармасының мамандары әрбір жаттығу әрекетіне талдау жасап, қателіктерді түзету бойынша әдістемелік кеңестер берді. Қызметкерлердің әрекеттері құқықтық талаптарға сай болуы, азаматтардың және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Аталған оқу-жаттығу сабақтары полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыруға, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ қызметтік міндеттерді сапалы орындауға бағытталған. Болашақта мұндай оқу-жаттығулар жүйелі түрде өткізілетін болады.
МАҢҒЫСТАУ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ
https://www.instagram.com/reel/DUlLjLKD1hw/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==