Ақтауда полиция есебінде тұрған тұлғалармен профилактикалық сұхбат жүргізілді

Ақтауда полиция есебінде тұрған тұлғалармен профилактикалық сұхбат жүргізілді

Ақтау қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Н. Сапаровтың, қалалық прокуратура және жұмыспен қамту бөлімі мамандарының қатысуымен Ақтау қаласы Полиция басқармасының есебінде тұрған тұлғалар арасында профилактикалық сұхбат өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – интернет алаяқтық, зорлық-зомбылық, ұрлық, кісі өлтіру, есірткі қылмыстары және жалпы қылмыстың алдын алу бағытында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ құқық бұзушылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру.

Сұхбат барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік заңнамасына сәйкес интернет алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұрлық, кісі өлтіру, есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтардың ауыр салдары, сондай-ақ олар үшін қарастырылған жауапкершілік түрлері түсіндірілді.

Сонымен қатар құқық бұзушылық жасаған жағдайда заң алдында жауапкершілікке тартылатыны, оның ішінде қылмыстық қудалау, айыппұл, қоғамдық жұмыстар, түрме жазасы сияқты шаралар қолданылатыны ескертілді. Қатысушыларға заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы және қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әр азаматтың рөлі туралы ақпарат берілді.

Іс-шара барысында тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды, сондай-ақ құқықтық көмек пен әлеуметтік қолдау көрсету жолдары туралы ақпарат ұсынылды.

“Заң мен тәртіп” қағидаты ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған қызметінің негізі болып қала береді. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауапқа тартылатынын атап өтеміз.

Ақтау қаласы Полиция басқармасы тұрғындармен профилактикалық жұмысты тұрақты түрде жүргізіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жалғастыра береді.