
Қазақстан Республикасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған республикалық ақпараттық науқан басталды. Аталған іс-шара қоғамда некеге мәжбүрлеу, сталкинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық және әйелдерге қатысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Науқан ағымдағы жылдың 10 наурызына дейін жалғасады.
Науқанның негізгі мақсаты – әрбір әйел мен қыз бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол берілмейтінін түсіндіру және мұндай әрекеттердің заң алдында міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін кеңінен насихаттау.
Ақпараттық науқан аясында:
білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық орындарда түсіндіру кездесулері;
дөңгелек үстелдер мен семинарлар;
әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар жариялау;
құқықтық кеңес беру іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар әйелдердің құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық жанжалдарды ерте кезеңде анықтау бағытында мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы күшейтілуде.
Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылыққа үнсіз қалмау – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Әрбір азамат заңсыз әрекеттерге бейжай қарамай, тиісті органдарға дер кезінде хабарлауы қажет.
Егер сіз немесе жақындарыңыз зорлық-зомбылыққа, қудалауға (сталкингке) немесе некеге мәжбүрлеуге тап болса, келесі байланыс арналарына жүгінуге болады:
📞 102 – полиция қызметі;
📞 111 – Балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны;
📍 өңірлердегі Отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтары (тәулік бойы).
Жәбірленушілерге психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда қорғау нұсқамасы шығарылып, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қауіпсіз және әділетті қоғам құру әрқайсымыздың белсенді ұстанымымызға байланысты.