«Автокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

«Автокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына және «Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған» бағдарламаны іске асыру жоспарына сәйкес республика аумағында «Автокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның мақсаты – көлік құралдарын айдап кету және ұрлау қылмыстарының алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және жолын кесу, сондай-ақ ұрланған автокөліктерді іздестіру жұмыстарын жандандыру.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері автокөлік құралдарын, олардың сәйкестендіру нөмірлерін (VIN-код), тіркеу құжаттарын тексеруде. Сонымен қатар автокөлік базарлары, уақытша сақтау тұрақтары, гараж кооперативтері, жалға беру орындары және интернет-ресурстар арқылы сатылымға шығарылған көлік құралдары мен қосалқы бөлшектерге мониторинг жүргізілуде.

Профилактикалық жұмыстар аясында учаскелік полиция инспекторлары автокөлік жөндеу шеберханаларын, металл қабылдау пункттерін, қосалқы бөлшектер сататын орындарды аралап, кәсіпкерлермен түсіндіру кездесулерін өткізуде. Кездесулер барысында көлік бөлшектерінің заңды шығу тегін растайтын құжаттарды талап ету, күмәнді тауарларды қабылдамау және заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда полицияға дереу хабарлау қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар тұрғындарға автокөліктерін қараусыз қалдырмау, қауіпсіз тұрақтарды пайдалану, дабыл жүйелері мен бейнебақылау құралдарын орнату жөнінде ұсынымдар берілуде.

Полиция азаматтарды қырағылық танытуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді атсалысуға шақырады.

Аталған іс-шара құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың мүлкін қорғауға және автокөлік ұрлығы деңгейін төмендетуге бағытталған.

https://www.instagram.com/reel/DUneAvsit_Q/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==