
Маңғыстау облысы Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейтіп, есірткі құралдарының, сондай-ақ күшті әсер ететін заттардың заңсыз өндірісі мен таралуына жол бермеу бағытында кешенді шаралар қабылдауда.
Есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтап, жолын кесумен қатар, Полиция департаменті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін күшті әсер ететін заттардың айналымын шектеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне еніп, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін, оның ішінде «күлдіргіш газ» ретінде белгілі азот тотығы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. Бұл өзгерістер қауіпті заттарды заңсыз пайдаланудың алдын алуға және құқықтық бақылауды күшейтуге бағытталған.
Ағымдағы жылы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан аталған затты заңсыз тасымалдау мен сақтаудың 3 дерегі анықталып, жолы кесілді. Аталған фактілер бойынша тиісті процессуалдық шаралар қабылданды.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті ескертеді: күшті әсер ететін заттарды заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу әрекеттері оларды сатып алу сәтінен бастап түпкі тұтынушыға дейінгі барлық кезеңдерде қатаң түрде тоқтатылатын болады.
Азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау — полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда.
https://www.instagram.com/reel/DUlEMPNDDRW/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==