
Ақтау қаласы Полиция басқармасына сауда нысандарында жасалған ұсақ-түйек жымқыру деректері бойынша бірнеше өтініш келіп түсті.
Тексеру барысында 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы қаңтар аралығында белгісіз біреудің Ақтау қаласындағы шағын маркеттер мен дүкендерден түрлі тауарларды жасырын түрде бірнеше рет жымқырғаны анықталды. Ұрланған тауарлардың қатарында шоколад өнімдері, алкогольдік ішімдіктер және өзге де тауарлар болған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар күдікті анықталды. Ол — Ақтау қаласының 2000 жылы туған тұрғыны. Тергеу барысында күдіктінің бірнеше эпизод бойынша сауда орындарынан тауарларды жымқырып, елеулі материалдық шығын келтіргені белгілі болды.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Бірнеше рет жасалған ұсақ-түйек жымқыру» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Маңғыстау облысының полиция департаменті азаматтарға ескертеді: бөтеннің мүлкін жымқыру, оның ішінде сауда орындарынан тауар ұрлау заңмен қудаланады және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
https://www.instagram.com/p/DUiTostjAzk/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==