Жастар мен еріктілер Ақтауда есірткі жарнамаларын жойды

Жастар мен еріктілер Ақтауда есірткі жарнамаларын жойды

Маңғыстау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында наркограффити жазбаларын жоюға бағытталған рейдтік іс-шара өткізілді. Шараға қала жастары мен еріктілер белсенді түрде қатысты.

Рейд барысында тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршаулар мен қоғамдық орындарға заңсыз салынған есірткі жарнамасы бар жазулар өшірілді. Бұл жазбалар арқылы тыйым салынған заттарды насихаттайтын интернет-дүкендер мен байланыс арналары көрсетілетіні белгілі.

Іс-шараның негізгі мақсаты — есірткінің заңсыз айналымының алдын алу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамды зиянды ақпараттан қорғау.

Маңғыстау облысы ПД ЕҚҚІҚБ есірткіге қатысты кез келген күмәнді ақпаратты немесе заңсыз жарнамаларды байқаған жағдайда азаматтарды полицияға хабарлауға шақырады.