
Ақтау қаласының Полиция басқармасында есепті кезеңдегі жедел-қызметтік қызметтің қорытындысы бойынша кеңес өтті. Кеңеске Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Аяғанов Сағындық қатысып, жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнінің орындалуымен басталды.
Кеңес барысында Департамент бастығы облыс орталығындағы жедел жағдайға баға беріп, құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы басым міндеттерді айқындады. Ақтау қаласы Полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрамына нақты тапсырмалар берілді.
Есепті кезең қорытындысы бойынша қаладағы қылмыс деңгейі 13,3%-ға төмендеді, бұл жүйелі профилактикалық жұмыстар мен жедел жағдайға тұрақты бақылаудың нәтижесі.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүргені үшін 2 535 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Алкоголь өнімін заңсыз сатуға қарсы іс-шаралар аясында прокуратура және Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, 307 сауда нысанының иесі жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 4 007 бірлік алкоголь өнімі тәркіленді. Сонымен қатар қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін 3 962 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында қалада адамдар көп жиналатын орындарға 13 «SOS» жедел шақыру түймесі орнатылып, патрульдеу күшейтілді. Сондай-ақ 123 спорттық және 89 мерекелік іс-шара кезінде қоғамдық тәртіп қамтамасыз етілді.
Ақтаудың туристік әлеуетін ескере отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету алдағы кезеңде де басым бағыт болып қала бермек, профилактикалық жұмыстар жалғасып, күшейтіледі.