
Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бопсалау фактісін анықтады.
Аталған дерек бойынша 2000 жылы туған жәбірленуші арызбен жүгінген. Оның айтуынша, 1997 жылы туған ер адам әлеуметтік желілерде және туыстарының арасында интимдік фотосуреттерін таратамын деп қорқытып, одан бір миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті WhatsApp мессенджері арқылы жәбірленушіден алдымен 200 мың теңгені, ал қалған 800 мың теңгені 20 қаңтарға дейін аударуды талап еткен. Ақшалай қаражатты өзі көрсеткен есепшотқа аударуды сұраған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 17 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында екі ер адам ұсталды.
Тінту барысында күдіктілердің бірінен көк түсті iPhone 14 Pro Max ұялы телефоны, екіншісінен қара түсті iPhone 11 ұялы телефоны тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Polisia.kz : https://polisia.kz/ru/podozrevaemye-po-faktu-vymogatel-stva-zaderzhany-v-mangistauskoj-oblasti/